Мереке

Қазақтың саны 16 миллионға жетті

1990 жылдан бері дүние жүзіндегі қазақтардың саны 10 миллионнан 16 миллионға дейін өсті

Тарихтан оқып келгеніміздей, қазақ жұрты өз еркіндігінен ондаған жылдарға созылған жоңғар шапқыншылығының кесірінен айырылды. Қазір бұған дау айтушылар бар. Мысалы, жазушы Мурад Аджи өзінің «Қазақстан тарихы бойынша очеркінде»:  «Картада Жоңғарияны тырнақпен-ақ жабуға болады, ал Дешті Қыпшақты тіпті алақан да жасыра алмайды, сонда қандай шапқыншылық туралы айтуға болады?» — дей отырып, «Ол соғыстағы мифтік «жоңғарлар» бір халық емес, Ресейге бағынышты халықтар одағы еді» — деген пікірді алға тартады.

Ал белгілі ғалым, тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің: «…жалпы, тарихты қарап отырсақ, кеңес өкіметінің тіршілік еткен бүкіл ғұмырында біздің ұлтқа ерекше мән беріп, қауіптеніп отырғанын байқау қиын емес» — деген сөзі тек кеңес өкіметі емес, әрідегі билеушілерге де қатысты секілді.

Әрине, бұл — ақ-қарасын тарихшылар анықтайтын мәселе.

Сол әрідегі «жоңғарлар шапқыншылығының», берідегі «біздің ұлтқа ерекше мән беріп, қауіптенудің», әсіресе, демографиялық тұрғыдан алғандағы, қасіреті ересен болды.

 

Ғасырлар салған жара…

Тарихи тақырыпқа жиі қалам тербеген жазушы Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегінде айтылғандай, «жоңғар шапқыншылығына» дейінгі заманда, қазақтар «…беріден есептегенде, 2 миллионнан еркін асып, жалпы саны жөнінен сол заманда Жер шарын мекендеген ең үлкен халықтардың қатарына жеткен».

Ал, деректер бойынша, Қасым хан заманының өзінде (1511-1521 жылдар аралығы) қазақтардың саны 1 миллионнан асқан.

«Жоңғар шапқыншылығынан» соң, Ресейге «өз еркімен» қосылғаннан кейінгі ғасырларда да қазақ даласына тыным болған жоқ. «Үйде туып, түзде өлу — ер мұраты» санаған қазақ ақ патшаға қарсы көтерілістер кезінде, сондай-ақ жан-жақтан анталаған Қоқан, Хиуа, Бұқар хандықтарымен қақтығыстарда қанша қырғынға ұшырады? Мұның нақты есебі жоқ.

Ал 1897 жылы Ресей империясында жүргізілген жалпы халық санағы нәтижелері бойынша, Қазақстанда қазақтардың саны 3 миллион 400 мың шамасында деп көрсетілген және бұл барлық тұрғындардың 81,8 пайызын құраған. Кейінірек осы санақ нәтижелері қайта түзетіліп, қазақтардың үлесі 74-78 пайыз шамасында деп көрсетіліпті. Қазақ еліндегі келесі ірі этникалық топ — орыстарға қатысты бұл көрсеткіш 11 пайыз болды.

Демограф Мақаш Тәтімовтің пікірінше, 1897 жылғы санақ қорытындысында қазақтардың саны 10 пайызға аз көрсетілген.

1911 жылғы деректер бойынша, Қазақстанда қазақ халқының үлес салмағы 60 пайызға дейін төмендеген, ал орыс халқының үлес салмағы 19,6 пайызға өсіпті. 1914 жылы орыстар Қазақстан тұрғындарының 29,6 пайызын құрады.

Мемлекеттік Дума мінберінен: «Қазақтар орыстардың қол астына кіргеннен бері бірде-бір шуақты күн, бақытты сәт болған емес» деп мәлімдеген Мұхаметжан Тынышпаевтың есебі бойынша, 1916 жылы қазақтардың саны 6 миллионға жеткен.

КСРО дәуірінде 1920 және 1923 жылдары санақтар жүргізілгенімен, бұл санақтарда Қазақстанның барлық аймақтары қамтылмаған, сондықтан 1926 жылғы санақ қорытындыларына сүйенсек: қазақтар мен орыстардың үлес салмағы, тиісінше — 58,5 пайыз және 20,6 пайыз болды. Және осыдан әрі қазақтардың Қазақстандағы үлес салмағына қатысты көрсеткіштер 1970 жылға дейін төмендеп отырды: 1937 жылы — 42,6 пайыз; 1939 жылы — 38 пайыз; 1959 жылы 30 пайыз болды.

1944 жылы 1916 жылғы 6 миллион қазақтың 1,9 миллионға дейін төмендеген екен.

Жалпы, 1897 жылғы деректер бойынша қазақтар Орталық Азия халықтарының ішінде ең көп халық болған, осы аймақтағы үлес салмағы 52,5 пайызға жеткен екен. 1911 жылы бұл көрсеткіш 57,5 пайызға көтерілген. Арада 40 жыл өткенде, 1951 жылы 27,1 пайызға дейін құлдырапты. 1989 жылы 23,3 пайыз болды.

Патшалық Ресей кезінде және Кеңес дәуірінің 1970 жылдарына дейінгі аралықта қазақ халқының демографиясы үнемі құлдыраумен келсе, ал Орталық Азиядағы көршілес халықтардың жағдайы мүлде басқаша болды. 1897 жылғы санақтан бері қарай өзбектердің саны — 12 есе, Ресей империясы, кейіннен КСРО аумағындағы ұйғырлар саны 5 есе, түрікмендер мен қырғыздар саны 6 есеге жуық өскен.

Дегенмен, өткенге — салауат. 1944 жылдан 1989 жылға дейінгі аралықта өз жеріндегі қазақтың саны 1,9 миллионнан 6,6 миллионға дейін өсті. 1989 жылғы санақ қорытындысы бойынша, қазақтардың өз республикасындағы үлес салмағы 40,1 пайыз болды. Ал 1999 жылғы санақ қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш — 53,4 пайызға; 2009 жылғы санақ қорытындысы бойынша 63, 6 пайызға көтерілді.

Тәуелсіздік алған тұста БҰҰ сарапшылары «Қазақстан халқының саны жылдан-жылға азаяды, туу көрсеткіші төмендейді» — деп болжам жасаған еді. Расында, 1992-2002 жылдар аралығында Қазақстан халқының саны күрт азайды. Бұған еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің тарихи отандарына үдере көшуі себеп болды. Демограф Мақаш Тәтімов келтірген дерекке сай, Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан аумағынан 3 миллион адам көшіп кеткен.

Бірақ 2002 жылдан бастап Қазақстан халқы санының жылдан жылға көбейіп отырғанын ескерсек, БҰҰ сарапшылары болжамын жоққа шықты деп санаумызға әбден болады. Бұл ретте сарапшылар бізді Ресейге, Украинаға ұқсатқан секілді. Мысалы, Ресей халқының саны 1991 жылдан бері 7 миллион адамға азайды. Бүгінде бұл елде туу коэффиценті көрсеткіші 1,53-ке төмендеп, мамандар мұны демографиялық апатқа теңеп отырған жайы бар. Украина халқы ай сайын (!) 21 мың адамға азайып отырған көрінеді.

Ал Қазақстан өз аумағынан көшіп кеткендердің орнын толтырып келеді. Бүгінде қазақстандықтардың саны — 16 миллион 442 мың адам. Қазақстандағы қазақтардың саны 11 миллионға жуықтап қалды.

1991 жылдан бері елімізге сырттан 1 миллионға жуық қазақ көшіп келді. Сонымен қатар, Мақаш Тәтімов жиі айтатын соңғы жылдардағы «бэби-бумның» да демографиямызға оңды әсері болғаны сөзсіз. Өткен жылы елімізде 365 мың сәби дүниеге келсе, ал биылғы жыл туралы Мақаш Тәтімов: «Қаңтар-қазан аралығындағы деректерді саралай келе, биыл дүниеге келетін сәбилердің саны былтырғыдан 10 мыңға көп, яғни 375 мың болады» — дейді.

…Демография мәселесіне келгенде, қазақ — жүрегінде ғасырлар салған жара бар халық. Бүгінгі күні қазақ даласында шыр еткен әр сәбидің үні сол жараға ем болмақ…

 

«Алхамдуллаһ, 16 миллион қазақ бармыз!»

 

Әңгімені қазақтың бас демографы Мақаш Тәтімовпен сұхбат арқылы жалғастырсақ дедік. Телефон арқылы хабарласқанымызда, ол кісі оқырмандарымызға үш мәрте сүйінші жолдады.

Тәтімов мырза сөзін былай деп бастады:

— Кезінде Ахаң, Ахмет Байтұрсынов: «Алхамдуллаһ, 6 миллион қазақ бармыз» — деген еді. Бүгінгі айтарымыз: «Алхамдуллаһ, 16 миллион қазақ бармыз!». Ақтөбе жұртына осы сүйінші-хабарды жеткізіңіз.

— 1990 жылы Сіз: «10 миллион қазақ бар» — деп жариялаған едіңіз. Сонда 21 жылдың ішінде…

— Иә, 21 жылдың ішінде 60 пайызға көбейдік.

— Аллаға шүкір! Әйтсе де қазір сырттағы қазаққа байланысты: «20 жылда келмеген ағайын енді келер ме?» — деген күдік жиі айтылатын болды ғой?

— 20 жылда сырттан 1 миллион қазақ келді. Бұл жаман көрсеткіш емес. Біз шеттегі ағайынның табиғи өсімін алып отырмыз. Соңғы кезде көші-қон бәсеңдегені рас. Өзбекстан, Қытай қазақтарына байланысты айтар болсақ, бұл, негізінен, құжат-қағаздарды реттеудің қиындығына байланысты болып отыр. Үкіметіміз оларға осы мәселе бойынша жәрдем жасауы керек. Қытай қазақтарының көшін жолға қою үшін, Үрімшіден консульдік ашылуы керек.

— Тәуелсіздік алған тұста елімізде қазақтардың үлес салмағы 40 пайыз болған еді. 20 жылда бұл көрсеткіш қалай өзгерді?

— Қазір бұл көрсеткіш 66 пайызға көтерілді. Яғни, халықтың үштен екісі — қазақтар. Міне, бұл — тағы бір сүйінші-хабар. Өйткені, Біріккен Ұлттар Ұйымының критерийі бойынша, мемлекеттің үштен екісін құрайтын халық сол елдің иесі болып табылады.

— Ал осы көрсеткішке байланысты болашаққа қандай болжам айтасыз?

— 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 70 пайызға жетеді. Одан да әрі өсіп, түбінде 80 пайыздық деңгейден асады деп ойлаймын. Әрине, бізге басқалар да керек. Арамызда тілі бір (түркі тілдестер), діні бір, түрі бір (мысалы, кәрістер) және тілегі бір өзге ұлт өкілдерінің болғаны жақсы.

— Ақтөбенің жағдайына байланысты пікіріңіз?

— 1970 жылдары іссапармен Ақтөбе қаласына алғаш рет барғанмын. Сонда кино көрейінші деп, кинотеатрлардың біріне бас сұққанымда, залдан өзімнен басқа қазақ таппадым. Сөйткен Ақтөбе қазір әбден қазақыланды. Облыс халқының 75 пайызы — қазақтар. Бұл — еліміз өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Сіздер енді осы санды сапаға айналдыруға тиіссіздер. Әсіресе, тіл мәселесіне самарқау қарамаңыздар.

— Қазақстан халқының саны алдағы жылдың наурыз айында 17 миллионға жетеді деген болжам айтылды. Сіз не дейсіз?

— Негізі, Қазақстанда тұрып жатқандар саны нақ қазір, міне, 17 миллионға тақалып тұр. Бұлай дейтінім, 2009 жылғы Ұлттық санаққа ілінбей қалғандар көп. Оның үстіне, демографияда, орысша айтсам, «наличное население» деген термин бар. Бұл тұрғыдан алғанда, елімізде жұмыс істеп, уақытша тұрып жатқандар да тұрғындар қатарына қосылады. Сонда Қазақстанда тұрып жатқандар саны 17 миллионға жетті деп, сүйіншілеуге әбден болады. Ал, енді, Қазақстанның өз халқына келсек, жоғарыдағы болжам — қате, бір жылға бері айтылған. 17 миллиондық межеге біз 1913 жылдың наурыз айында жетеміз. Ал нақты тұрып жатқандар санын алға тартсақ, онда осы уақытты 1 жыл екі-үш ай мерзімге бері жақындатамыз.

Біз сөзімізді: «Иншаллаһ, Тәтімовтің сүйіншісін жиі естуге жазсын!» — деген тілекпен аяқтағымыз келеді.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button